Ответы и объяснения

2014-02-07T16:40:27+00:00
Киім адамзат үшін сыртқы ортаның әсерінен қорғаныс пен жылыну құралы ғана емес. Бұл адамның беделінің, қоғамдағы дәрежесінің бірден-бір көрсеткіші. "Адам көркі шүберек" демекші, ортамыз бізді киген киімімізге қарап бағалайды. Жігіттердің шалбарына қарап, мінезін тануға болатыны туралы айтқан едік. Ал жалпы киім өзінің қожайыны жайлы не айта алады?
Тігіншілер мен сәнді дизайнерлер жылдан-жылға мыңдаған киім түрлерін ойлап шығаруда. Соның арқасында әр адамның өз бейнесін өзгертіп, біркелкі болып қалмауына мүмкіндігі бар. Алайда киімнің осындай түрлілігі арасында әр адам өзіне тән стиль таңдайды. Бұл сіздің мінезіңіз бен өміріңіздегі қызуғышылықтарыңызға байланысты болады екен. Сондықтан мына ақпаратты білетін адам қасындағы досының киіміне қарап, бірден оның мінезіне баға бере алады. 
Классикалық үлгідегі киімді өзіне сенімді адамдар таңдайды деген пікір қалыптасқан. Бұл рас, алайда классикаға құмар жандар қатарына өз таңдауын жасауға қорқып, классикалық киімді кисем, қателеспеймін-ау дегендер де енеді екен. Бұл екі топты ажырататын айқын белгілер бар. Ол адамның осы киімде өзін-өзі ұстауы. Әсіресе адамның пиджакты қалай киіп жүретіндігіне назар аударыңыз. Өзіне сенімді кісі пиджагын кішкене ұқыпсыз киеді, оны еш уақытта барлық түймелеріне түймелемейді. Ал интровертер керісінше пиджагын соңына дейін түймелеп, қорғаныс ретінде қолданады екен. Дәстүрге сай, тұрақтылықты қолдайтын адамдар екі қатар түймесі бар пиджактарды таңдайды. Ал бірқатар түймесі бар пиджактың иесі жайдары, ашық жүзді кісі болады.
Спорттық үлгідегі киімді тек спортшылар киеді деп кім айтты? Жоқ, спорттық киімдерді көп нәрсеге көңіл бөле бергісі келмейтіндер де сүйіп киеді екен. Джинсы шалбары, кеды не кроссовкалар, жалпы спорттық киім қазіргі жастардың дертіне айналды. Психологтардың айтуынша бұндай киім үлгілерін ауырдың астымен, жеңілдің үстімен жүретін, қиналғысы келмейтін адамдар таңдайды екен. Басқа жақтан қарағанда, бұндай "жеңіл жол" қазіргі үлкен қалалардағы өмірге сай ыңғайлы әрі жеңіл болады.
Этно үлгісіне сай киінетін адамдар саяхаттауды жақсы көреді екен. Біртүрлі шалбарлар, үнді сариі, қызықты суреттер. Осындай ерекшеліктері бар киімді таңдайтын жандар батыл, ашық, өнерпаз адамдар болады. Олар көпшіліктің арасынан көрініп, көзге түседі. Алайда кейде арманға беріліп, бастаған істерін соңына дейін істемеуі мүмкін.
Қыз ба, жігіт пе? Ауыр әскерлік етіктер, камуфляж түсті киім, жігіттерге сай күңгірт түстер... Осындай киім киген қыздар өзінің табиғи нәзіктігін жоққа шығарғысы келеді. Бұндай қыздар берген уәделеріне берік, сенуге тұрарлық жандар. Өз сезімталдығын "жігітше киімнің" астына тығып, адамдарға жан дүниесін ашпайды.
Қысқа белдемше, ашық кеуде, биік өкше, шілтер не мөлдір киім... Гардеробыңызда осындай бір-екі зат болуы әбден мүмкін. Ал киімінің бәрі тек осындай "ұятты" болса ше? Тым ашық киінетін қыздардың жалғыз мақсаты - жігіттердің көңілін тарту. Ол ортасының әшкерлеуін елемейді, аңсаған мақсатына кез келген жолмен жете алады.
Әрине ылғи бір стильде киінетін адамдар аз. Біз күнделікті киімімізді ауыстыра отырып, өзіміздің сол күнге деген көңіл-күйіміз бен ұстанымызды алмастырып отырамыз. Сондықтан бұл ақпаратты адамның мінезі мен болашағын білемін деп, "бал ашу" мақсатымен емес, оның қысқа мерзімді өмірлік ұстанымдары мен жан сырының бір жағасын көру үшін пайдаланыңыздар.